Маңғыстаудағы сарбаздың өлімі: прокурор оқ атқан офицерді 13 жылға соттауды сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 қаңтар, 2025
- 319
Прокурор күдікті Дамир Досовты 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Астанада сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Офицер Досов сотта тапанша оқталып тұрғанын білмегенін айтқан. Алайда мемлекеттік айыптаушы мұны негізсіз деп таныды.
«Досовтың қылмысты білмей жасағаны туралы жауабына сыни тұрғыдан қарауды сұраймын, себебі ол қаруды қалай қолдану керегін білуге тиіс. Куәгерлер де Досовқа тапаншаны берген кезде нұсқаулық жүргізілгенін айтты», – деді прокурор.
Амангүл Жұмағалиева Досовты қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, командир әскери институтта оқыған, сондықтан қаруды адамға кеземеу керегін біліп, тапаншадан атуды үйренген. Тапаншада оқ болғанын білмегенін айтқан Досовтың сөзін майор Бағдат Майлиев пен өзге де куәгерлер жоққа шығарды.
19 жастағы Марат Барқұлов былтыр қыркүйекте Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза болған.