Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«10-15 жыл ұзақ өмір сүреді»: депутат бойдақтардың табысының 5% салық ретінде ұстауды ұсынды

«10-15 жыл ұзақ өмір сүреді»: депутат бойдақтардың табысының 5% салық ретінде ұстауды ұсынды
Сурет: Ulysmedia коллажы
Бұл ұсыныс демографиялық тұрғыда Қазақстанға қажет дейді

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек не себепті бойдақтарға салық салу керектігін түсіндіріп беруге тырысты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін “Болат Керімбек бойдақтарға салық салуды ұсыныпты” деген ақпарат әлеуметтік желіде де, БАҚ-та көп талқылған еді. Депутаттың өзі осы ұсынысы турасында бірнеше рет түсіндірме берген. Әлі де сол пікірінде екен.

«Бұл қоғамдағы қатынасты реттеу, жастарға сигнал ретінде тәртіпке, ретке келіп, көпбалалы болу мақсатында берілген ұсыныс. Бұдан шынын айтқанда, көп ақша да түспейді. 35 жастан жоғары 50 жасқа дейін ғана болу керек», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, әлемдік тәжірибеде бойдақтардың жалақысының 3-5 пайыз мөлшерінде ұсталады. 

«Отбасын құрған адам өмірде ешқашан ештеңеден ұтылмайды. Баласы уақтылы есейсе, немерелі болып жатса, уақытында балалардың қызығын көріп жатса несі жаман? Отбасын құрған ер азамат сүр бойдақтардан қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүреді екен. Бұл әлемде дәлелденген мәлімет, оны социологтар да, демографтар да айтып отыр. Бізде “он үште отау иесі” дейді ғой. 13 жаста қазір қисынсыз, бірақ 35 жасқа дейін әр азамат өмірін жоспарлап, отбасы құрса жақсы. Бұл менің ұсынысым», – дейді Болат Керімбек.

Депутат алуан пікір айтуға әркімнің құқығы барын айтады. Бұл ұсыныс демографиялық тұрғыда Қазақстанға қажет дейді. 

Мемлекет әуелі жастарға отбасы болатындай жағдай жасағаннан кейін ғана осындай ұсыныстарды беруге болар ма еді деген аргументке депутат “ол сылтау” деп жауап берді.

«Біздің өзіміз де, әке-шешелеріміз де, ата-бабаларымыз да жағдайын жасап, көлік, үй алайын, оқу бітіріп алайын, екі-үш диплом алайын деген жоқ. Отбасы болуға еш кедергі жоқ. Үйді бірге алғанда да оның қадір-қасиеті бар. Қазір ажырасу көп, өйткені бірігіп таппаған дүние-мүлік жастар үшін құнды болмайды. Сол үшін жастардың ерте үйленгені абзал», – дейді Болат Керімбек.

Депутат “менің ойымша, бойдақтардың жалақысының 3-5 пайызын ұстауға болады” деп есептейді.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар