Қазақстанда әкелердің декреттік демалысына кеткен уақыты еңбек кітапшасына қосылатын болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 ақпан, 2025
- 157

Қазақстанда декреттік демалысқа шыққан ер адамның бала күтіміне байланысты кеткен жылдары ресми түрде оның жұмыс тәжірибесіне енеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұған қатысты конституциялық сот тиісті түсіндірме берді.
Конституциялық Сот бір азаматтың өтініші негізінде (Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерген. Бұл бапқа сай жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін анаға ғана балаға күтім жасау уақыты есептелетін еді. Бірақ бұл адам құқығына қайшы екенін айтып Конституциялық сотқа науқас баласын қарау үшін жұмыстан шыққан ер адам жүгінген.
«Өтініш берген адамның пікірінше, Кодекстің бұл ережесі балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу мәселелерінде ата-ананың екеуінің де тең құқығы бар деген қағидаға қайшы келеді. Ұлы туғаннан кейін екі айдан кейін азамат медициналық қорытынды негізінде оның ауыр жағдайына, сондай-ақ баланың анасы денсаулығына байланысты уақытша баласына қарай алмайтынына байланысты ұлына күнде ем-дом жасау үшін жұмыстан шыққан. Бірақ, оның жас ұлына күтім жасаған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есептелмеген. Ол кісі сотқа арызданғанымен, сот қолданыстағы әлеуметтік кодексте бұндай құқық тек әйелдерге ғана берілетінін алға тартып, оның арызын қанағаттандырмаған. Сондықтан, ер адам Конституциялық сотқа жүгінген», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Конституциялық Сот Конституцияға сәйкес ер адамның баласына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу еңбек өтілін есептеу кезінде балаға күтім жасаған уақыты есептелетінін жеткізді.
«Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі. Жас балаға күтім жасау ерекше қамқорлық мен қорғауды талап етеді, бұлар оның қалыпты физикалық, ақыл-ой, адамгершілік және психологиялық тұрғыдан дамуы үшін қажет. Бала өмірінің осы кезеңінде объективті жағдайларға байланысты ата-ана өзінің еңбек ету құқығынан шектелуі мүмкін. Тексере келе Конституциялық Сот жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жасаған уақыты есептеледі», - деп хабарлайды сот.