Шерзат Болаттың өліміне күдіктілер туған күн тойлаған: 16 қызметкер жұмыстан қуылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 18 ақпан, 2025
- 886

Шерзат Болаттың өліміне күдіктілердің түрмеде туған күн тойлағаны туралы видеоға қатысты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы изоляторда тексеру жүргізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Видеоны бұрынғы уақытша ұстау изоляторы қызметкерінің жеке телефонына түсіргені анықталды. Ол тәртіптік ережелерді өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылып, арнайы атағынан айырылды. Сонымен қатар, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісті бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде ҰҰИ бастығы да қызметінен босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Осыдан кейін УҰИ-дегі режимдік талаптарды сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, еліміздегі осындай мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.