«Әли бір апта нәр татпады, басын көтермеді»: Ақерке Бүркітбай жары Әли Оқаповтың "Құрмет" орденіне қатысты дау туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 21 ақпан, 2025
- 2.0k

Әнші, қобызшы Ақерке Бүркітбай “Құрмет” орденін алған күйеуі Әли Оқаповтың сол кездегі жағдайы туралы айтты. Басы дауға қалған болатын, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, сол кезең отбасы үшін ауыр болған. Бұл туралы журналист Тимур Балымбетовке әңгімелеп берді.
“Тимур, сенің үйіңде отырғанда бәріміз Әлиді құттықтадық. Сол жерде фотоға түсіріп, желіге салдық. Негізі мен “сала бер, лайықсың!” деп айтып едім. Ертеңіне дау басталып кетті. Өзіміз де қорқып кеттік. Кореяда осындай шудан көп әртіс өздеріне қол жұмсап жатыр. Әлидің сол кездегі ішкі жағдайында қандай арпалыс болғанын біз сырттай көрдік. Қолымыздан келгенше, жанында болып, қолдауға тырыстық. Тіпті, дұрыс қолдап жатырмын ба, артық ештеңе айтып қоймадым ба деп те ойладым. Өте қиын кезең болды. Оны да жеңіл көретін адамдар болуы мүмкін. Оның ішінде анамыздың атына да өте ауыр сөз келді. Халық әртісі болмаса да, ешбір ана өзінің баласы үшін ондай сөз естімеуі керек", – деді қобызшы.
Сол жағдайдан кейін әнші бір апта нәр тартпаған. Осындай кезде Роза Рымбаева баласына қолдау көрсетіп, ақылын айтқан.
“Бұл жағдайға бір адамдардың да қатысы болуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені халық жауындай көрді. Сол оқиғадан кейін Әли бір апта нәр татпады, басын көтермеді. Анамыз үйіне шақырып, көңілімізді аулады. Ол кісі ештеңе болмағандай, шай-тамағын дайындап, Зейінді бақты. Аналық махаббатын сезіндіріп, қолдау білдірді. Өйткені 50 жыл сахнада жүргенде естімеген сөзі қалмаған. Ол ешкімнің сөзін көңіліне алмайды. Әлиге де соны айтып, еңсесін көтеруді өтінді",– деді әнші.