«Денесінің бәрін көгертіп тастаған»: Шымкентте жеті баланың анасын бұрынғы күйеуі азаптап өлтірді деген күдікке ілінді
- автор Томирис Тоныкөк
- 21 ақпан, 2025
- 264

Шымкентте жеті баланың анасы бұрынғы күйеуі тұратын үйдің ауласынан өлі күйінде табылды. Марқұмның қыздары қайғылы жағдайға туған әкелерін кіналап отыр. Сөздерінше атпалдай азамат 42 жастағы әйелді соққыға жығып, үшінші қабаттан лақтырып жіберген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл сұмдықтың бәріне кәмелет жасқа толмаған екі баласы куә болған дейді қара жамылған отбасы мүшелері. Қазір полиция күдіктіні қамауға алып тергеп жатыр.
Ара-тұра домбыраны күмбірлетіп, ән айтатын Шолпан Ақмырзаның үйі қазір түңіреніп тұр. Бейбіт күнде жеті бала жетім қалып, жақындарын жоқтағандарына қиын. Дәм тұзы 42 жасында үзілген келіншектің қазасына туыстары бұрынғы күйеуін кінәлайды.
«Мен оның айтып тұрған сөзіне сенбеймін. Ұрлаған, терезеден лақтырып жіберген деп. Бізде күнде ұрыс-керістер болатын. Анам 2020-да заңды түрде ажырасса да адресімізді біліп, күніге есікті тықылдатып келіп тұратын», - дейді Перизат Қалдарбек.
Туыстарының айтуынша, көпбалалы ана ажырасқан күйеуімен татуласып, үйіне барыпты. Арада бір күн өткенде қайғылы хабар жеткен деп отыр. Яғги, әйел үшінші қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді. Алайда марқұмның жақындары бұған сенбейді. Себебі кәмелет жасқа толмаған балалары болған ажйтты айтып берген.
«4 жасар баласы айтып отыр гантельмен басынан ұрып құлатып, одан кейін қашып бара жатқан кезде тағы тізесінен гантельмен ұрды. Құлаған адамға ұқсамайды. Әбден ұрып, денеден дене қалмаған. Денесінің бәрін көкала қойдай қылып тастаған», - дейді марқұмның әпкесі Ақмарал Ақмырза.
Полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейінгі жеткізген» бабы бойынша іс қозғап, 47 жастағы күдіктіні қамауға алдық деп қысқа қайырды.
«Әйелдің өлімі бойынша іс тіркелген. Қазіргі таңда осы жайттың барлық мән-жайын анықтауға тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Күдікті қамаауда отыр», - деп хабарлайды полиция.
Бірақ қара жамылған отбасы «Адам өлтіру» бабымен іс тергелсін деп отыр. Шолпан Ақмырза жолдасымен 22 жыл бірге тұрған екен. Бірақ ерлі-зайыптылар түсінісе алмай екі жаққа кеткен. Жалдамалы пәтерде тұрған әйел сауда жасап, нәпақа тапқан дейді ағайын-туысы. Марқұмның үлкені 22 жаста, кішісі екіде.