Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Оңай ақша табуға болады деген ой салады»: депутат блогерлерге қатысты жаңа ережелер ұсынды

«Оңай ақша табуға болады деген ой салады»: депутат блогерлерге қатысты жаңа ережелер ұсынды
Сурет: РИА новости
Депутаттың сөзінше, былтыр лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және бағалы сыйлықтар ұтысы бойынша 106 дерек анықталған

Қазақстанда әлеуметтік желілерде бай-бақуатты өмір салтын көрсететін инфлюенсерлерге қатысты сұрақ әлі де көп. Бұл жайтты бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көтерді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады.

"Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде онлайн лотерея ұйымдастырушылар, коуч-инфлюенсер тарапынан заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектер арқылы туристік билеттер, техника, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік және көлік сату деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер, күмәнді акциялар заңсыз деп саналады", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, былтыр лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және бағалы сыйлықтар ұтысы бойынша 106 дерек анықталған. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 46 миллион теңгеден аса айыппұл салынған.

"Кейбіреулері әлеуметтік желілерде үнемі бақуатты өмір салтын көрсетеді, қымбат виллалардың, суперкарлардың және басқа да суреттер жариялайды. Осылайша қоғамға еңбек етпей, оңай ақша табуға болады деген ой салады. Ал Қаржы министрлігінде осы азаматтардың тиісті салықты төлеуіне қатысты заңды сұрақтар бар. Салықты барлығы төлеуі керек. "Заң қатал, бірақ бұл - заң" принципі барлық азаматқа қатысты! АҚШ, Ұлыбритания және Қытайда контент авторлары өз қызметінен түскен табыстан салық төлеуге міндетті. Бұл елдердегі салық ставкалары 40%-ға жетуі мүмкін", - деді ол.

Сайыровтың айтуынша, демократиялық елдердегі салық мәдениеті - құқық пен заңның маңызды бөлігі. АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапонияда, Қытайда ең ауыр құқықбұзушылықтардың бірі салық төлемеу деп саналады.

"Қазақстандық инфлюенсерлер - қоғамның ағартушы бөлігі, олар беделі мен талантының арқасында үлгі болуға тиіс. "Онлайн платформалар туралы" заңға сәйкес табыс табатын инфленсерлер кәсіпкер ретінде тіркелуге, өз парақшасындағы жарнамаларды белгілеуге міндетті", - деді ол.

Депутат бұл бағытта мынадай ұсыныстар жасады:

1. Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәселесі бойынша блогерлер арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысын ұйымдастыру;
2. Инфлюенсерлердің кірісін кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты критерийлерін әзірлеу;
3. Заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін әлеуметтік желілерде ұтыс ойындары өткізілуіне бақылауды күшейту.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар