«Жансақтау бөлімінде жатыр»: Ақтауда бала жылу құбырынан атқылаған ыстық суға күйіп қалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 наурыз, 2025
- 332

Ақтауда оқушы жылу құбырынан атқылаған ыстық суға күйіп қалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, оқиға 4 наурыз сағат 19:30 шамасында Ақтау қаласындағы 15-шағын аудандағы 13-үйдің жанында болған.
Күйік шалған баланың анасының айтуынша, баланың аяғы тайып, құбырдан атқылаған ыстық суға түсіп кеткен.
"Балам тайып кетіп, құбырдан атқылаған ыстық суға түсіп, белден төмен қатты күйік шалды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Кешке қарай ауруханадан келсем, су өшіп қалыпты, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болуы керек. Судың қысымын жазып алуға шама болмады. Бірақ балаларымыздың мұндай жағдайға түскені дұрыс емес. Бұл оқиғаға жауапты біреу болуы керек деп есептеймін. Бұл немқұрайлылық", - дейді баланың анасы.
"Каспий жылу, су арнасы" мекемесінің баспасөз қызметі компания мамандары құбырдың жарылғанын оқиғадан соң білгенін мәлімдейді.
"Әрине, су күні бойы атқылап, ешкім оған назар аудармады дей алмаймыз. Дабыл түскен бойда апат орнына бардық, біздің мамандар түні бойы оның салдарымен күресті. Қоршау орнатты. Жылу желісі үзілді. Таңғы сағат төртке дейін жұмыс істеді, қазір қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді мекеме өкілдері.
Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасы өкілдері баланың екі жамбасын, табанын және жіліншігін күйік шалғанын айтады.
"Алған күйік жарақатына байланысты баланың жағдайы ауыр. Есін біледі, бірақ мазасыздық бар. Науқас қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жүрек соғысы, тыныс алуы тұрақты. Травматологтармен бірге күйік жарақатына хирургиялық ем жүргізілді. Әзірге бала жансақтау бөлімінде қалады", - деді дәрігерлер.