Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Алматы жастары – 2025» бағдарламасы бойынша өтінім беру мерзімі белгілі болды

«Алматы жастары – 2025» бағдарламасы бойынша өтінім беру мерзімі белгілі болды
Сурет: kuban.aif.ru
Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауға тиіс

"Алматы жастары" бағдарламасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелерін алу үшін өтініш қабылдау 2025 жылдың 14-26 наурыз аралығында басталады. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі қала жастары қатыса алады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, бағдарламаға қатысуға өтінішті www.almaty-zhastary2025.kz ресми сайты арқылы беруге болады, авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.

Бағдарлама аясындағы несиелендіру шарттарына төмендегілер кіреді:

  • Ең жоғарғы несие сомасы – 20 млн теңгеге дейін;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз;
  • Бастапқы жарна – 10 пайыз;
  • Бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі;
  • Бағдарлама бойынша қамту – кемінде 2550 адам, оның ішінде 1050 "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары.

Бағдарламаға қатысу үшін негізгі талаптар қойылады. Олар:

  • Өтініш беру кезінде өтініш беруші мен оның жұбайы (зайыбы) Алматы қаласында тұрақты тіркеуде тұруға тиіс.
  • Өтініш берушінің жасы өтініш беру сәтінде 35 жастан аспауға тиіс (жұбайының жасына қарамастан). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады (бар болса).
  • Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату фактілері болмауы керек.
  • Өтініш беруші соңғы 6 (алты) айда Алматы қаласында ресми түрде жұмыс істеген болуы керек және міндетті зейнетақы жарналары төленуі қажет. Қатысушы таңдаған келесі салалардың бірінде еңбек өтілі болуы керек: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, қалалық коммуналдық қызметтер.

"Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының (2019-2024 жылдар) жалға алушылары үшін жас шектеулері, тұрғылықты тіркеу талабы және ресми еңбек өтіліне қойылатын талаптар қолданылмайды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар