“Қол-аяғында отвертка, біз, пышақ сұққандай із қалған”: Шымкентте ер адамның қолынан қаза тапқан әйелдің жеті баласы көмек сұрайды
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 наурыз, 2025
- 896

Шымкентте бұрынғы күйеуінің үйінің ауласынан өлі табылған 42 жастағы көпбалалы Шолпан Ақмырзаның артында жеті баласы қалды. Үлкен қыздарының айтуынша, кішкентай 5 бауырларын жетімдер үйіне алып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында жариялады. Марқұмның 18 жастан асқан қызы бауырларын өз қолына алғысы келетінін айтып, көпшіліктен көмек сұрады.
“Әкеміз бізді де ұратын. Анамыз аспаз еді. Бар ғұмырын әкемнің туыстарын күтіп-баптауға арнады. Науқас атамыздың астын сүртіп-жуып оны күтті. Әжеміз де анамыздың қолына қарады. Папам мамамды неге ұрды деп миым жетпейтін.
Шаршадым, ажырасайық деп анам шешімді бір күнде қабылдады. Бұл, әрине, әкеме ұнамады. 2020 жылы заңды ажырасты. Бірақ, әкеміз біз қайда көшсек те аңдып, мазалап, есік күзетіп тұратын. Мен жұмыс істеймін, пәтер ақысын өзім төлеп, анамыз балаларға қарап бақытты ғұмыр кеше бастадық”, - дейді марқұмның қызы Перизат.
Айтуынша, сол күні анасымен бірге әкесі шақырған жерге ілесіп барған 4 жасар інісі болған жайтты айтып берген.
“Әкем анамды тағы сөйлесейік деп шақырыпты. Ойында дәнеңе жоқ анам, 2 кіші баласы мен қос немересін ертіп шақырған жерге барады. Кешке өз аяғымен кірген үйден ертеңіне өлігі табылды. 3-ші қабатынан секіріп кетті дейді әкем. Сол түнге куәгер 4 жасар інім, есінде қалған сұмдықтың бәрін айтты. Анамның үсті-басында сау тамтық жоқ. Қол-аяғында отвертка, біз, пышақ сұққандай із қалыпты.
Жерлеуге әкем де, туыстары да келмеді. Көп ұзамай әкеміз күдікті деп қамауға алынды. Үрпиіп 7 бала 7 бұрышта қалдық. Есеңгіреп отырғанда 5 бауырымызды бізден ажыратып опека алып кетті. Төртеуі ЦАН-да, кішкентай сіңілім дом малютокта. Бәрінің тағдыры қыл үстінде”, - дейді қызы.
Айтуынша, марқұмның екі қызының жастары 18-ден асқанымен, олар бауырларын қамқорлығына ала алмайды. Себебі бастарында баспана жоқ.