Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған шенеунік ертесіне қызметінен кеткен
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 наурыз, 2025
- 521

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Әсет Шопанов келесі күні жұмыстан кеткен. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым әкімдік өкілдері Әсет Шопановтың қызметінен өз еркімен кеткенін айтқанын жазады.
"Әсет Шопанов 3 наурызда Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Келесі күні, 4 наурызда ол қызметінен кетті", - деп түсіндірген ведомстводағылар.
Еске салсақ, 3 наурызда Ақтау қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалған болатын. Бұл қызметке 2022 - 2024 жылдары Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған Әсет Шопанов келген еді.
Былтыр Әсет Шопановтың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) жауапкершілікке тартылғаны, сондай-ақ тәртіптік жазаға тартылғаны туралы ақпарат тараған еді.