Ақтөбе облысында қызыл су бір көпірді шайды, бір ауылмен байланыс үзілді
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:34
- 117

Ақтөбе облысы: Ойылда көпірді тағы су шайып, Қобдада бір ауылмен байланыс үзілді Ақтөбе облысында былтыр ғана тасқыннан зардап шеккен Ойыл ауылы үш күннен бері көлік қатынасынан қағылды. Себебі аудан орталығына баратын уақытша көпірді тағы да су шайып кеткен. Тұрғындар екі жағалауға тек қайықпен барып-келіп жүр.
Қызыл судың кесерінен Қобда ауданында бір ауылмен байланыс үзілді. Қазір өңірде құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Ойыл ауданының орталығы
аралда қалғандай күй кешіп отыр. Мұнда қайықпен жүзіп өтпесең, машинамен бару мүмкін емес. Былтыр ауылға кіреберістегі үлкен көпір бұзылса, кейін салынған шағын уақытша көпірді үш күн бұрын су шайып кетті.
Енді азық-түліктен бастап, адамдарды да өзеннің екі жағынан кезекшілікте тұрған бес қайықпен тасиды. Ойыл ауданы ауруханасына үш жасар бала түскен, оны Ақтөбеге жеткізу керек. Қазір қайыққа отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр дәл осы уақытта бұзылған үлкен көпір құрылысына бюджеттен екі жарым миллиард теңгеден астам ақша бөлінді. Оның сараптама құжаты бір ай бұрын ғана дайын болған. Енді ол құрылыс аяқталғанша, су шайған уақытша өткелді қайта қалпына келтіруге тура келеді.
«Уақытша өткелді қалпына келтіріп жатыр, техникалар да жұмылдырылды. Біздің міндетіміз — адамдарды қауіпсіз көшіру. Бүгінге 348 адам, оның ішінде 49 бала көшірілді»,-дейді Ақтөбе облысы ТЖД басқарма басшысы Аслан Арзымбетов
Ойыл ауылы ғана емес, осы ауданға қарасты Қараой мен Құбасай елдімекендері арасындағы жолды да су жарып кетті. Енді үш ауылмен көлік қатынасы жоқ. Қобда ауданының Қанай ауылына қайықсыз жету мүмкін емес.
Тұманшы өзені тасып, жолды шайып кеткен. Бұл жақта бір мотор қайықпен азық-түлік жеткізіп жатыр. Ал облыс орталығында өзеннен қауіп болмағанымен, қала шетіндегі жаңа салынған елді мекендер тасқынға алаңдайды. Әсіресе ойықта орналасқан Көкжиде тұрғындары жылда әбігерге түспес үшін ауылды айнала арық қазылуын талап етіп отыр. Себебі, еріген қар суы қазірдің өзінде аулада ағып жатыр.
«Әкімдік бізге арық істеп берсе дейміз. Жыл сайын осылай суға кетіп отыра алмаймыз ғой. Қаншама қаражатқа үй салдық. Төрт балам бар, далаға қаңғып кетпейміз ғой, үйімізді тастап»,-дейді тұрғын Гүлфайрус Жаскөжиева.
Шенеуніктер жаңа үйлердің еріген қар суы ағатын жыралардың үстіне салынғанын мойындайды. Енді ауылға қауіп төнбес үшін «зерттеу жүргіземіз» деп отыр.
«Осы жерде шамамен 20-30 үй ауласында су ағып жатыр. Өзі баяғы, негізгі су ағатын жырасы, соның үстіне үй салынған. Сол жермен су ағып жатыр. Ол проблема үш жылдан бері созылып келеді, мойындаймыз. Соны шешу жолы анықталып, зерттеп, қарастыратытын боламыз. Үйлер суға кетпейді»,-деді Астана ауданының әкімі Әділбек Танкеев.
Ақтөбе облысында 54 елді мекен тасқынға байланысты қауіпті аймақ деп белгіленген. Барлығы өзен жағасында орналасқан. Өңірде күн жылынып, қар көбесі сөгіле бастады. Өзен-көлдер көтеріліп жатыр.