Жезғазғанда Наурыз мейрамына арналған сахнаны безендіру кезінде ер адам биіктен құлап, көз жұмды
- автор Томирис Тоныкөк
- 21 наурыз, 2025
- 1.1k

Жезқазған қаласында облыс әкімдігі алдындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған сахнаны безендіріп жатқан 55 жастағы кәсіпкер биіктен құлап, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Патриот басылымына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары аталған факт бойынша тергеу жүргізіп, тиісті сараптамаларды бекітті.
Наурыз мерекесіне орай безендіру жұмыстарына тартылған жеке кәсіпкер билбордқа мерекелік баннер іліп жатқан кезде үш метрден аса биіктіктен құлап кеткен. Дереу жедел жәрдем шақырылып, 14 наурызда ол облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Алайда ер адам төрт күннен кейін, операциядан соң, көз жұмды.
Жезқазған қаласы мәдениет бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева бұл оқиғаның безендіру жұмыстарына қатысы барын жоққа шығарды.
“Ол құлаған бойда қайтыс болған жоқ, біраз уақыт ауруханада жатты. Сондықтан оның өлімін алаңдағы жұмыстармен байланыстырмау керек. Біз оны жұмысқа тартпағанбыз. Ол ол жерде не істеп жүргенін білмеймін”, – деді Гүлзада Шомаева.
Аталған оқиға бойынша Жезқазған қаласының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Айта кетсек, 2024 жылдың соңында Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіруге мұғалімдер тартылып, салдарынан бір педагог жарақат алған болатын.