
Құжаттарды бірінші сыныпқа қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінен 31 тамызына дейін жалғасады. Жаңа оқу жылында 370 мыңнан астам қазақстандық бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мәліметінше, ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-аналардың өтініші бойынша қабылданады. Құжаттарды eGov mobile қосымшасы мен электронды үкімет порталы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде — тікелей мектептерде тапсыруға болады. Ол үшін барлық мектептерде қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.
ҚР ЦДИАӨМ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ биыл eGov порталында құжат тапсыру рәсімі жеңілдетілгенін мәлімдеді. Енді ата-аналарға медициналық анықтамаларды қолмен жүктеудің қажеті жоқ – «Бала денсаулығы паспорты» мен «Профилактикалық екпе картасындағы» мәліметтер автоматты түрде алынады. Егер медициналық анықтамалар жүйеде болмаса, олардың скан-көшірмелерін жүктеуге болады. Сондай-ақ, өтініштің мәртебесін қарау және оны бір батырмамен кері қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, өтініштер мереке және демалыс күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Сұраныс жіберілгеннен кейін өтінішті қарау мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды.