«Қыздың шашы күйіп қалды»: Пхукетте жарылып кеткен яхтада болған қазақстандық оқиғаның қалай болғанын айтып берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 1 сәуір, 2025
- 127

Таиландтың Пхукеттен 9 шақырым жердегі Майтон аралында өртенген яхтада болған Думан Байкен оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Таиландтағы демалыс үйінен онлайн режимде Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында әңгімелеп берді.
"Дәл қазір жағдайымыз жақсы. Өрт болған кезде мен яхтада болдым, ал зайыбым (Бақытгүл Байкен) суда жүзіп жүрді. Жалпы, катерде техникалық ақау бар екенін алдын ала сездік. Себебі жолға шыққан кезде, 10 минуттан кейін бензин исі сезіліп, катердің бір қозғалтқышы істен шықты. Екінші қозғалтқышымен әрең дегенде жақында тұрған аралға жеттік… Экипаж мүшелері қайықты жөндеуге кірісті. Ал жолаушылардың кейбірі жағалауда болса, кейбірі суда болды. Сол кезде мен де катердің жанында суда жүзіп жүрген едім. 20 минуттан соң киімімді ауыстыру үшін катерге көтеріліп келе жатқанда жарылыс болды", - деді Байкен.
Айтуынша, жарылыс салдарынан қолы күйіп қалған. Туристтерді құтқарушылар жарты сағаттан кейін алып кеткен.
"Бұл жерде полиция мен аурухана қызметкерлері жақсы қабылдап, күтім жасады, алғашқы көмегін ұсынды. Ал волонтерлер бізге тез арада киім жеткізіп, тамақтандырды. Катерде Қазақстаннан 4 адам болдық, екеуі Алматыдан. Алматылық жігіттің аяғын күйік шалды, ал қыздың шашы күйіп қалды. Ертең госпитальге тағы барамыз. Осы елдегі Консул бізбен байланысқа шықты, қазір біз орналасқан қонақ үйге келеді", - деді Думан Байкен.
Оның сөзіне қарағанда, катердегі заттары мен құжаттары өртеніп кеткен. Консулдық құжаттарды даярлауға көмектеседі.