Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматы әуежайындағы оқиға: ер адам кепілге алған қызметкер сот залында жылап жіберді

Алматы әуежайындағы оқиға: ер адам кепілге алған қызметкер сот залында жылап жіберді
Сурет: видеодан скриншот
Сол күнді есіне алған әуежей қызметкері сот залында көзіне жас алды

Бүгін Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамның ісі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сот отырысы барысында прокурор сот отырыстарын қысқартылған тәртіппен өткізуді сұрады, өйткені айыпталушы іс бойынша жиналған дәлелдерге дау айтпаған. Әрі қарай прокурор істің егжей-тегжейін оқыды.

Айыпталушы барлық айыппен келісіп, кінәсін мойындаған. Алматы әуежайының қызметкері сотта болған оқиға туралы айтты.

«Мен жұмыс үстелімде отыр едім, ол (күдікті – ред. ескертпесі) жалғыз өтіп бара жатты, мен одан нөмірін және жеке куәлігін сұрадым. Ол маған қарап, үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберетінін айтты. Өзі айтқандай түймелі телефонды көрсетті... Мен артқа шегінгім келді. Сол кезде ол мені ұстап алды, мен де жерге құладым. Сосын оның оң қалтасынан пышақ алып жатқанын көріп, айқайлай бастадым», - дейді жәбірленуші.

Айтуынша, қыз көпшіліктен көмек сұраған. Бірақ ер адам ешкім жақындамасын деп айғайлаған. Сол күнді есіне алған әуежей қызметкері сот залында көзіне жас алды.

Бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:

  • Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
  • Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) бойынша 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Айта кетсек, 7 наурызда Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкерін кепілге алды. Бұл туралы видео желіде тарап кетті. Видеодан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар