«Әуежайды жарып жіберемін»: Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы ер адам әрекетінің себебін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 сәуір, 2025
- 207

Сотталушы Машрапбек Баратов сотта неліктен әуежайға барып, қызды кепілге алғанын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, сол күні ол жұмыс іздеген. Өйткені күзетші болып жұмыс істеген түнгі клубта оның жалақысын үш айға дейін бермей, кешіктерген.
«Үйден таңертең ерте шықтым. 8 наурызға торт болса да алайын деп ойладым. Сейфуллина бойында құрылысқа шығып жұмыс істейтін еді ер адамдар. Сол жаққа барсам, ешкім жоқ екен. Сөйтіп автобусқа отырып, олх қарадым. Бір жерге жұмысшылар керек дегенді оқыдым. Содан сол жаққа қарай бардым», - дейді айыпталушы.
Әйелі және екі баласы барын айтқан ол қаржылай қиындық көріп жүргенін жеткізді. Айтуынша, отбасына өзіндегі қиындықтарды туралы тіс жармаған. Әуежайда тексеріс залына дейін барған оны қыз тоқтатып, құжаттарын көрсетуді сұраған. Осы нәрсе оның ашуына келген.
«Мені ол тоқтатып, құжаттарымды сұрады. Мен оған 2-3 минутта келетінімді айттым. Енді бұрыла бергенімді жағамды ұстап, түртеді. Содан мен оның шашынан ұстап, қорқыта бастадым. Бұл жағдай ойламаған жерден туындады. Бір кезде полиция келді, мені атады деп ойлап қалдым. Қалтамда пышақ болатын. Мен онымен жұмыста шұжық, консерленген тамақты ашып жейтінмін. Ол қатты емес, ұшы да жоқ», - дейді ер адам.
Айтуынша, ол қызды полициямен ауыстырғысы келген. Алайда ешқайсысы оған келіспепті.
«Мен оның тамағына пышақ тақап, қорқытпадым. Оған «Егер айғайламасаң жіберемін» дедім. Бірақ ол айғайын тоқтатпады. Қарасам, жан-жағымда адамдар көбейіп кеткен. Полицейдің біреуіне қыздың орнына тұруын айтып едім, ол үндемеді. Екіншісіне де солай айттым, бірақ ол да тыңдамады. Содан өзімджі қорғау ретінде «Әуежайды жарып жіберемін» деп айттым», - дейді айыпталушы.
Осы уақытта Мұса Әбдірайымов өз келісімімен қыздың орнына тұрған. Зейнеткердің сөзінше, басшылықты шақыруды сұраған. Басқа ешқандай жамандық істегісі келмепті. Алайда сол кезде ер адам оның қолын қайырып, пышағын тартып алыпты.
Айта кетсек, 7 наурызда Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкерін кепілге алды. Бұл туралы видео желіде тарап кетті. Видеодан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.