Астана әуежайын басқарушы шетелдік инвестор ҚР Жоғарғы сотының шешімін орындамай отыр
- автор kyn.kz
- 7 сәуір, 2025
- 95

Астана халықаралық әуежайында ондаған жылдар бойы айырбастау нүктесін ашып, оны басқарып, дамытқан кәсіпкер жаңа инвестордың қалауымен бір күнде кәсібінен айырылғанын айтады. «Сервис-АСТ» ЖШС директоры Айнұр Рахимова екі жыл ішінде экономикалық соттың үш сатысынан өтіп, жеңіп шыққан. Бірақ, әлі күнге дейін Астана әуежайы басшылығы Жоғарғы соттың шешімін елемей, орындамай отыр екен.
«Маған ойламаған жерден жалға беруші директор хабарласып, «үш күнде босатыңыз» деген тапсырма берді. Себебін әлі күнге түсіндірген емес. Мен жалға беру ақысы өссе де, тіпті ол жерге жөндеу жүргізу керек болса да бәріне дайын едім. Маған тіпті, ешқандай талап, уәж айтылған жоқ. Әбден нарықты зерттеп, жолға қойылған кәсіпті жайдан-жай тартып алды деп білемін. Ол орында басқа бағытта дүкен жоспарланса оны да түсінемін. Тура менікі сияқты айырбастау нүктесі ашылды. Біз 24 түрлі валютаны айландырамыз. Қазір менде еңбек еткен 10 адам жұмыссыз жүр. Екі жыл ішінде 160-170 млн теңге көлемінде шығынға ұшырадық»,-дейді Айнұр Рахимова.
Ал заңгер Мақсат Халық елімізге кірген әр кәсіпкер, инвестор ҚР заңын сыйлауға міндетті дегенді айтты.
«Заңды білмеу- жауапкершіліктен босатылу деген сөз емес. Сырттан келген әр инвестор ҚР заңына бағынып, дәстүрі мен тіліне, өзіндік ерекшеліктеріне құрметпен қарауы керек! Жоғарғы сотты елемеу- елімізді сыйламау. Президент пен Бас прокуратурадан шетелдіктердің «тәртібін» жіті бақылауды, ережеге, заңға бағынуларын реттеуді сұраймыз»,-деді заңгер Мақсат Халық.
Ал, «Сервис-АСТ» ЖШС адвокаты болса Жоғарғы сот шешімін орындатудың заң аясындағы барлық амалы жасалғанын айтып отыр. Өйткені, ҚР заңы бойынша сот шешімін орындамаған азамат ескерту алып, шоттары бұғаттылып, ақыр соңы қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Біздің компанияның ашып, жылдар бойы әбден жолға қойған кәсібін қазір ЖШС өз атауымен істетіп жатыр. Шетелдік инвестор- әуежайды басқаратын араб елінен келген басқарушы Юсуф Альжафер мырза басшылығымен ҚР Жоғарғы сотының шешімі еленбей отыр. Олар соттың шешімімен ол нүктеде тұруына тыйым салынған компаниядан жалға алу ақысын қабылдап отыр. Заң аясында жазған талаптар мен келісімге келу ұсыныстарына бірде бір жауап бермей отыр. Біз инвестордың осы әрекеттерін ҚР Жоғарғы сотын, заңын сыламау, мемлекетіміздің беделіне деген қауіп деп білеміз»,-дейді «Сервис-АСТ» ЖШС адвокаты Алмагүл Муссина.
ҚР Жоғарғы сотының үкімін орындауды талап еткен компания енді сот үкімін елемеу бойынша арыз-шағым түсіруді жоспарлап отыр. Одан бөлек Бас прокуратура мен Әділет министрлігінен осы мәселені назарға алуды сұрайды.