Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлған түркістандық әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:20
- 386

Түркістан облысы Ордабасы ауданында қызыл кітапқа енген қызғалдақтан гүл шоғын жинаған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видео жексенбі күні желіде тараған. Түркістан облысының полициясы құқық бұзушының Шымкент қаласының тұрғыны екенін анықтады.
“Түркістан облысында полиция қызметкерлері Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабы (Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін жою) бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Айта кетсек, Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғандарға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 АЕК (11 796 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Полиция табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын анықтау үшін рейдтер мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл жағдайға қатысты тергеу жүргізілмек. Соның нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады.