"Наурыз тойлауға барып, қаза тапқан": Қызылорда облысында әйелі күйеуінің өліміне кінәлілердің жазалануын талап етеді
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 сәуір, 2025
- 3.7k

Қызылорда облысы Қазалы ауданында наурыз мерекесін тойлауға барып, адам қолынан көз жұмған ер адамның әйелі әділдік іздеп жүр. Гүлназ Сатаеваның айтуынша, жолдасын бірнеше адам жабылып, соққыға жыққан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның әйелінің айтуынша, күйеуін соққыға жыққандардың ішінде ауылдағы учаскелік полицей де бар. Алайда тергеушілер істі бұрмалап, тек бір ғана адамды қамауға алған екен.
Марқұм Берік Серіков жастайынан спортқа жаны құмар болыпты.
“Ол күш сынасатын сайыстарда ауыл жігіттеріне дес бермейтін. Тіпті қаза болған күні гір тасы мен қой көтеруден жеңімпаз атанды. Өзім жетімдікті ерте көрдім. Әкем де, анам да осы жолдасым еді. Адамның қанын мойындарына жүктеп, осы уақытқа дейін ар-намыстары оянбай қалай отырғандарына таңғаламын”, – деді марқұмның жары.
Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын айтты.
“Шәкен ауылындағы адам өліміне байланысты қылмыстық іс тіркелді. Кінәлі тұлға қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмның жары іс бұрмаланбай, қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығы тиісті жазасын алсын дейді.