«Балғынбек Имашев ағамыздың өзі ақшамызды қайтарды»: алданған туристердің қаражаты қайтарылып жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 сәуір, 2025
- 201

Алматыда айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлына алданған туристердің қаражаты қайтарыла бастады. 50- ден астам адам кіші қажылыққа аттану үшін Qazaq travel компаниясына кемі 500 мың теңгеден төлеп, соңында сан соғып қалдық деп шағымданған еді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жолдаманы компанияның атқарушы директоры Данияр Имашев сатқан дейді. Бірақ рейске бір күн қалғанда фирма не билет, не қонақ үйді рәсімдемегенін мәлімдеген. Кейінірек қасиетті мекенге жете алмағандар полицияға арыз жазады. Алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, үш адамға қатысты тергеу басталды. Олардың қатарында Данияр Имашев, яғни айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің ұлы да бар.
Кеше одан мәселенің себебін сұрағанымызда, ол үнсіз қалған. Ал әкесі әуе билеттерінің, қонақүй бағасының қымбаттағанын айтып ақталды. Ал бүгін қажылықтан қалғандарға айтыскердің өзі ақша қайтарып берген. Халықтан қолхат жинап, мұнысын видеоға түсірмеуді де өтініпті.
«Ақшамызды алдық. Балғынбек Имашев ағамыздың өзі келіп ақшамызды қайтарды. Бірақ қалған күнгі адамдарды білмеймін, ол кісілерді сырттағы адамдар бар, оларға өзіміз хабарласып, ақшасының бәрін таратамыз деді», - деді Жаннұр Жөкетай.