Түркістан облысында 550 млн теңге ұрлаған білім бөлімінің 11 қызметкері сотталды
- автор kyn.kz
- 15 сәуір, 2025
- 1.1k

Түркістан облысында Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлерге қатысты сот үкім шықты, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы аударып 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
"Аудандық білім бөлімінің басшылары Ақатов пен Майрихов 7 жылға, Үсіпбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға тартылды", - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметте, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.