Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алу ережелеріне өзгеріс енгізіледі
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 сәуір, 2025
- 101

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» (бұдан әрі – Жоба) ведомство басшысының бұйрығының жобасын әзірледі. Құжат 2025 жылғы 5 мамырға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Жоба Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру бойынша іс жүзінде мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып шаралар қабылдауға қатысты берген тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді.
Құжат банктік шоттар, банктік қарыздар (ипотекалық қарыздардан басқа) және (немесе) микрокредиттер, жинақ салымдары, депозиттер бойынша шығыс операциялары туралы мәліметтерді алуды көздейді. Осы мәліметтерді алу мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге үміткердің келісімімен ғана мүмкін болады.
“Бұл жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және / немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді”, – делінген министрліктің хабарламасында.