«Кішкентай Бишімбаев»: Астанада бүлдіршінді еш себепсіз балабақшадан шығарып жіберген
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 сәуір, 2025
- 116

Екі жасар сәбиді «кішкентай Бишімбаев» деп келемеждеп, еш себепсіз балабақшадан шығарып жіберген. Астаналық әйел қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде екі жасар баласының жеке балабақшада буллингке ұшырағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
“Былтыр 26 қыркүйекте ата-аналармен келіспеушілік болды. Соның салдарынан менің екі жасар баламды балабақшадан заңсыз шығарып жіберді. Сондай ақ, мекеме әкімшілігі балама қатысты әлеуметтік буллингке жол берді, яғни баламды әлеуметтік буллингке ұшыратты. Олар баламды тәртіпсіз, озбыр, тіпті «кішкентай Бишімбаев» деп атауға дейін барды. “Жеке балабақшада болған оқиға тек балаға емес, маған да ауыр соққы болды”, - дейді анасы.
Осы жағдайдан соң әйел прокуратураға, білім басқармасына, полицияға да жүгінген. Бірақ жекеменшік мекеме болғандықтан, арызына мардымды жауап болмапты. Енді бұл істі қала әкімі Жеңіс Қасымбек жеке бақылауына алып, фактілер расталса, жауаптылар жазаланатынын жеткізді.