«Қамшымен сабап, көсеумен оңдырмай ұрып келген»: Қарағандыда отбасы асырап алған балаларын құлдыққа жеккен
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 сәуір, 2025
- 1

Қарағандыда жетімдер үйінен 6 бала асырап алып, құлдыққа жеккен отбасы сотқа тартылып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТКтелеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеушілердің мәліметінше, отбасы асыранды балаларға тамақ бермей, үнемі ұрып-соғып, ақыры біреуін мүгедек қылған. Отбасының үш мүшесіне азаптау бабы бойынша айып тағылды.
Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде отбасы 2018 жылы отбасы типінде балалар үйін ашып, алты жеткіншекті алады. Оларды бірден малға салып, қора‑қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Прокурор балалардың ботқасына "малдың тезегін қосып берген" деген деректі де бөлісті. Тіпті балалардың далада, иттің үйшігінде түнеген кезі де болған.
Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің басын жарып тастапты.
Ауданның қорғаныш бөлімі қайда қарағаны белгісіз. Ал алты баланың тәрбиесіне ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген. Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды.
"Балаларға күнде қол жұмсап отырған. Түкке тұрмайтын қылығына бола қамшымен сабап, көсеумен оңдырмай ұрып келген. Соның салдарынан балалардың басы, беті, қол-аяғы толған тыртық. Дұрыс тамақтанбағандықтан, қатарластарына сай дамып өспеген. Зор күш талап ететін қора-қопсының қара жұмысынан шалалық көрсе, үнемі жұдырықтап келген", – дейді прокурор Әділ Садықов.