"Мұқағали сорлы еркек": Мақатаевтың ұлы блогерден 10 миллион теңге өтемақы талап етті
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 мамыр, 2025
- 72

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ауыр сөздермен сынап, оны "сорлы еркек" деген блогер Әлішер Теменовті ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев сотқа берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында қаралып жатқан бұл іс қылмыстық кодексінің 131-бабы, 2-бөлігі "Қорлау" бойынша жүргізіліп жатыр.
Блогер сот залында бейнетүсірілім жүргізуге қарсылық білдірді. Қоғамдық қорғаушы Шекеев Теменовтің өз сөздері үшін кешірім сұрағанын атап өтті.
"Тереңірек үңілсек, бұл екі адам бір атадан тараған туыстар. Теменов өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Мүмкін, ол сізден (Жұлдыз Мақатаевтан) кешірім сұрамаған болар", – деді ол.
Судья тараптарға мәселені бітіммен шешу мүмкіндігін талқылау үшін 10 минуттық үзіліс жариялады.
Өз кезегінде Жұлдыз Мақатаев моральдық өтемақы ретінде блогерден 10 миллион теңге көлемінде төлеуді және жария түрде кешірім сұрауды талап етті.
"Шок жағдайында болдым. Біздің тегімізге дақ түсті. Моральдық зиян келтірілді. Сол зиянды өтесін. Интернет арқылы кешірім сұрасын", – деді ол сотта.
Теменовтің өкілі осындай шарттар орындалса, татуласуға дайын екендерін жеткізді.
Еске салсақ, өткен жылдың қазан айында Теменов әлеуметтік желіде Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген бейнежазба жариялаған болатын. Видеоны көп ұзамай өшіргенімен, ол интернетте кең таралып үлгерді. Бұл халықтың наразылығын тудырды. Ақынның туған ауылы Қарасаздың тұрғындары блогердің үйіне барып, тінту жүргізген. Кейін Теменов әкесімен бірге ауылға барып, жергілікті жұрттан кешірім сұрады.
Сот процесі жалғасып жатыр. Келесі отырыс алдағы аптаға жоспарланған.
Айта кетейік, Әлішер Теменов Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сұңқар ауылының тұрғыны. Сотта оның бір қызы бар екені және әйелі екінші баласына жүкті екені айтылды. Тұрақты жұмысы жоқ, тек блог жүргізумен айналысады. Бұған дейін сотталмаған.