«Барлығы бірдей алаңға сыймайды»: депутат әскери шеруге ардагердің не себепті кіргізілмегенін түсіндірді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:28
- 65

Сенат депутаты, ішкі істер вице-министрі қызметін атқарған Марат Қожаев Сенат кулуарында Астанадағы Жеңіс шеруі кезінде ардагерлердің бірі не себепті кіргізілмегенін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марат Қожаев мұндай шаралардың алдын ала реттелетінін және аккредитациясыз шараға кіру мүмкін емес екенін атап өтті.
"Қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі, өйткені ондай шараларға мемлекет басшысы ғана емес, шет мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері де қатысады.
Сондықтан қауіпсіздік деңгейі барлық ережені қатаң сақтауды талап етеді. Ол кісі белгілі бір себептермен аккредитация алмаған көрінеді.
Мұның қалай болғанын нақты айта алмаймын, бәлкім, бұл жергілікті атқарушы органдардың қателігінен немесе кейбір ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Бірақ нақтысы: аккредитациясыз шараға кіру мүмкін емес", – дейді сенатор.
Ол полиция қызметкерлеріне адамдарды ресми рұқсатпен ғана кіргізуге бұйрық берілгенін айтты.
"Келуге ниет білдіргендердің барлығы бірдей алаңға сыймайды. Бұл тәртіп барлық жерде қолданылады: мұндай іс-шараларға тек аккредиттелген және шақырылған адамдар ғана кіргізіледі.
Сондықтан ол кісіні өткізбеген полиция қызметкерінің әрекеті жеке өзіне қарсы бағытталмаған деп есептеймін. Оған адамдарды ресми рұқсатпен ғана өткізу туралы нақты бұйрық берілген және ол сол бұйрықты орындаған. Бұйрық болмаса, полиция қызметкері нұсқау аясында әрекет етеді.
Иә, адамға шұғыл көмек қажет болатын төтенше жағдайлар бар, бірақ ондай жағдайда да заңға сәйкес реттелетін шаралар қарастырылған", – деді Қожаев.