
Қазақстанда мамырдың екінші жексенбісінде Аналар күні аталып өтеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл мереке қыркүйектен мамырдың екінші жексенбісіне ауыстырылған. Ол Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысында көрсетілген.
"Аналар күні мен Әкелер күні көптеген елде атап өтілетін ресми мерекелер. Олар отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтын нығайту және тәрбиені арттыру мақсатында біздің елімізде де бекітілді", – делінген 2023 жылғы үкімет хабарламасында.
Ал Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
«Ана махаббаты – өмір бойы күш-қуаттың, қолдаудың және шабыттың қайнар көзі. Сіздердің арқаларыңызда әлем мейірімділікке, жан жылуына толы бола түседі. Шын жүректен сіздерге мықты денсаулық, қуаныш, отбасылық бақыт пен жан тыныштығын тілеймін. Балаларыңыз жетістіктерімен қуанта берсін, әр шаңырақта татулық пен сүйіспеншілік салтанат құрсын», – деп Қазақстан аналарын мерекемен құттықтады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.