Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“Анам үнемі мені қолдайтын”: Тоқаев анасы жайлы естелігімен бөлісті

“Анам үнемі мені қолдайтын”: Тоқаев анасы жайлы естелігімен бөлісті
Сурет: @tokayev.online парақшасынан
Мемлекет басшысы Аналар күніне орай балалық шағы туралы айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі меркекге байланысты анасы жайлы желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы балалық шағын еске алып, анасының өзін үнемі қолдағанын жазды.

“Бүгін – Аналар күні! Осы орайда анам Тұрар Шабарбаева туралы аз-кем естелікпен бөліскім келеді. 

Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұ­мыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды.

Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қалам­ақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды.

Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін.

Өз өмірімнің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күнде­рі Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді”, - дейді Тоқаев.

Анасының өмірлік дүниетанымына барынша ықпал еткенін жеткізді.

“Шешеміз, әрине, кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келіп жатқанын білді, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды. 

Өзі де қарапайым тірлік кешті, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырды. Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін.

Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын”,- деп жазды Президент.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар