«Шерзатты дүкеннің алдында пышақтады»: сотталушы сол түні мылтықты Ғайыпбаевтың атқанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 мамыр, 2025
- 58

Шерзат Болат өліміне қатысты істе сотталушылардың бірі Ілиясов Нұрқияс сол түні мылтықты кімнің атқанын және дүкенге не себепті барғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ілиясов Нұрқияс дүкенге барғанында өзін Шерзаттың ұрғанын айтты.
“Қамажай” дүкенінің алдында 8-9 бала тұрды. Көліктен түсіп, амандасайын деп едім бәрі ашуланып тұр екен. “Жігіттер, не боп қалды? Не себепті ерегесіп, ұрдыңдар?” деп сұрағанымда Шерзат марқұм мені ұрды. Артқа қарай шегіндім. Қаржаубай дүкеннен пышақпен шықты. Сөйтіп ажиотаж болып жатқан кезде мылтық атылды. Бірінші рет атып, екінші рет атуға оқтап жатқан кезде тұрып, алуға үлгеремін деп ойладым. Екінші рет оқтап үлгерді. Жақындағанда қатып тұрып қалдым. Сонда Шерзат екінші рет ұрды. Сөйтіп тағы артқа қарай шегіндім. Сонда мылтық екінші рет атылды. Үшінші рет оқтады. “Бәріңді атамын, тоқтаңдар” деп артқа қарай шегінді. Мен “Тоқта, таста мылтығыңды, бауырым” дедім. Сонда Шерзат марқұм құлап жатты ма? Нұрқанат барып көтеріп жатқан кезде мылтықты астынан жұлып алып, екі рет ұрып жібердім. Сөйтіп ол жақта “жедел жәрдем” деп шу болып кетті. Артқа қарай бұрылып бәріміз кеттік. Азамат алдымнан шығып мылтықты қолымнан алды. Бәріміз көлікке отырып кетіп қалдық, - дейді Ілиясов.
Ары қарай “777” дүкеніне барған, алайда не заттар алғанын есінде жоқ екенін айтты. Арттарынан көлік түсіп, оларды тоқтатып ұстап әкеткен.
“СОБР-лар ұстады деп көрсетті. Видео шықты. Резонанс болды. Бірақ негізі бізді өйтіп ұстамаған”, – деді Нұрқияс.
Сотталушы марқұм Ғайыпбаев Нұрқанаттың мылтықпен оқ атқанын айтты.
“Нұрқанат екінші рет оқ атқан кезде мылтықты бізге қарай бағыттады. Жанымда оң жағымда Абзал болды. Қалған балаларды көре алмадым. Атып жібермесін деп мылтыққа қарап тұрдым. Екінші рет атқанда қашып кетуіме болар еді. Бірақ мылтық оқталып тұрғандықтан артымнан атып жібере ме деп қорықтым. Менің ойымша, Шерзатты дүкеннің алдында пышақтады. Мылтықты үш рет оқтады, бірақ екі рет атылды. Мылтықты алып алған кезде ішінде оқ болды. Сол оқпен РОВД-ға тапсырдым”, – деді ол.