Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс: сотталушы жалған сөйлегенін мойындады

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс: сотталушы жалған сөйлегенін мойындады
Сурет: SupcourtRK / YouTube
Сотта Азамат Тоқтаубаев Дархан Әскентайға қатысты жалған жауап бергенін айтты

Шерзат Болаттың (Полат) өліміне қатысты іс бойынша сотта айыпталушы Азамат Тоқтаубаев кісі өлтірілген түні үйқамақта бола тұра не себепті көшеде жүргенін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, ол бір іс бойынша күдікті ретінде танылған.

"2023 жылдың желтоқсанында мен бір іс бойынша күдікті ретінде танылдым, соттың санкциясымен екі айға УҰИ-ға қамалдым. Кейін заңгерім бұл санкцияны "үйқамаққа" өзгертуге қол жеткізді. Жәбірленуші де менің бұл іске қатысым жоқ екенін айтқан. Жаз бойы үйқамақта болып, белгіленіп отырдым", – деді Тоқтаубаев.

Ол өз әрекетін баласының ауырып қалуымен түсіндірді.

"Менің әрекетімді заңбұзушылық деп санауыңызға болады. Себебі мен үйқамақ режимін бұзбауым керек еді. Бірақ сол түні балам ауырып қалды, сондықтан түнде үйден шығуыма тура келді", – деп жауап берді айыпталушы.

Шерзаттың өлімінен кейін Азамат Тоқтаубаев жеті жылға бас бостандығынан айырылған.

"Бұл – резонансқа байланысты. 2024 жылдың 17 қазанында сол іс бойынша үкім шықты. Халық наразылық білдірген соң, Талғар аудандық соты мені осы іске қатысы бар деп, жәбірленушілер мен куәгерлердің сөзін ескермей, ең төменгі жаза тағайындады. Қазір мен Жоғарғы сотқа шағым түсірдім. Бұл істі де жеңіп шығамын, ақталамын", – деді Азамат Тоқтаубаев сотта.

Сонымен қатар Тоқтаубаев тергеу кезінде тағы бір күдікті – Дархан Әскентайға қатысты жалған жауап бергенін мойындады.

"Мен ол сөзімді растамаймын. Ол кезде мен Дарханға ренжулі болдым, сондықтан солай айттым. Ол ешкімге қол көтерген жоқ, қолында қару да болмады. Сол сөзім үшін өкінемін. Дарханның біреуді ұрғанын көрмедім. Бастапқы көрсетпелерімде жалған айттым", – деді ол.

Айта кетсек, кеше, 15 мамырда, сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап берген болатын. Жауап алу барысында ол адвокат қойған "хуторлықтар" деген топтың расында бар-жоғы туралы сұраққа жауап берген еді.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар