Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Біз баламызды әскерге өлтірсін деп бермедік»: өзіне қол салған сарбаздың ата-анасы әділдік іздейді

«Біз баламызды әскерге өлтірсін деп бермедік»: өзіне қол салған сарбаздың ата-анасы әділдік іздейді
Сурет: azattyq.org
Марқұм сарбаз өзіне қол жұмсардан бес күн бұрын, кіші сержант Тақыбаевтан таяқ жеген

Былтыр қарашада 18 жастағы қатардағы жауынгер Мұхамедияр Тастан Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде өзіне қол жұмсады. Биыл 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты сарбазға "психологиялық және физикалық қысым көрсетті" деп, бөлімшенің кіші сержанты Азамат Тақыбаевты алты жылға соттады. Тақыбаев та, марқұм сарбаздың әке-шешесі де Мұхамедиярдың қазасына жалғыз сержант жауапты дегенге келіспейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Мұхамедияр Тастанның қазасынан соң өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Содан бері тергеу жүріп, биыл 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты үкім шығарды. Судья "Құмбел" шекара бөлімінде әскери қызмет атқарған кіші сержант Азамат Тақыбаев 451-баптың 2-бөлігінде қарастырылған қылмыстық әрекетті жасағаны, яғни қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны және сарбаз өліміне жанама себепкер болғаны үшін айыпты деп ұйғарды.

Сот дерегінше, Тақыбаев Тастанға бірнеше рет моральдық және физикалық қысым көрсеткен, ұрып, қорлаған. Сот Тақыбаевты 6 жылға бостандығынан айырып, сарбаздың ата-анасына моральдық өтемақы ретінде 11 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Мұхамедиярдың әке-шешесі мұндай үкімге келіспейді.

– Адам қазасына себепкер деп танылған кісіге алты жыл бере ме? Сонда ол сержант енді бес жарым жыл отырып, шығып кетеді екен. Сұмдық қой мынау, – деді марқұм сарбаздың әкесі Арман Тоғызбаев.

– Біз баламызды әскерге өлтірсін деп жіберген жоқпыз ғой. Біреудің қол астына таяқ жесін деп жібермедік. Бұл шешімге келіспейміз, – деді Мұхамедиярдың анасы Рахима Жандарова.

Мұхамедияр өзіне қол жұмсардан бес күн бұрын, 2024 жылғы 2 қарашада кіші сержант Тақыбаевтан таяқ жеген. Командир сарбаздарды сол күні атқора маңына шақырып алып, бәрінің көзінше Мұхамедиярға жылқының күйі нашар деп ұрысып, балағаттап, ар-намысқа тиетін сөздер айтып, сарбаздың бетінен екі рет шапалақпен ұрған. Кейін де бірнеше рет ұрысып, Тастанға атқора емес, әжетхананы тазалайсың деп қорлық көрсеткен.

Мұхамедияр кейінгі күндері өзі сөйлесетін сарбаздың біріне старшина Тақыбаевтың ұрсып-зекуінен шаршағанын, оны да, атқораны да көргісі келмейтінін айтқан.

Мұхамедияр Тастан 2024 жылғы 7 қарашада түске дейін атқорада жұмыс істеп, түстен кейін шекара бөлімінің қарауылы міндетін атқаруға кетеді.

15:30 шамасында Мұхамедияр қарауылға берілетін АК-74 автоматын, 50 дана жауынгерлік оқ-дәрі мен екі оқсалғыш алған. Сөйтіп шекара бөлімінен 30-40 метр жерде тұрған, биіктігі 14 метр қарауыл мұнарасына бет алған.

Бестің шамасында ефрейтор Сейфоллаев мұнарада тұрғын Мұхамедиярға рациямен хабарласып, "учаскелерде жүрген көліктерді бақылып отырсың ба?" деп сұрайды. Тастан "ешқандай көлік көрінбейді" деп жауап берген. Бұл – сарбаздан түскен соңғы рапорт еді.

Сейфоллаев бір-екі минуттан соң мұнарадан екі рет атылған қару дыбысын естіген. Мұнара басына жедел көтеріліп, люкті ашқанда басынан қан ағып жатқан Мұхамедияр Тастанды көрген.

Марқұм сарбаздың әке-шешесі Мұхамедиярдың қазасына жалғыз сержант жауапты деп танылғанына наразы. Олар шекара бөліміндегі офицерлер қызметін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін жауап беруі керек деп есептейді.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар