Ерболат Досаев Олжас Бектеновтің орнын басуы мүмкін – БАҚ
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 мамыр, 2025
- 313

Алматы әкімі Ерболат Досаев шынымен де қызметінен кетеді. 24 мамыр күні мәслихат оның отставкасын қарап, жаңа әкімнің кандидатурасын мақұлдауы тиіс, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Досаевтың отставкасы туралы ақпаратты Қазақстан үкіметі мен Алматы әкімдігіндегі дереккөздер растады. Алайда оның орнына кімнің келетіні әзірге белгісіз.
Айта кетерлігі, бұл жағдайда республикалық маңызы бар қала әкіміне қатысты тағайындау рәсімі бұзылғанға ұқсайды. 2022 жылғы 8 маусымда Президент Жарлығымен бекітілген ресми тәртіпке сәйкес, алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімін қызметінен босатуы тиіс болатын. Тек содан кейін мәслихат депутаттары жиналып, жаңа әкімді тағайындауға тиіс еді. Алайда бұл жолы мәслихаттың шұғыл отырысы туралы хабарлама Ерболат Досаевтың қызметінен ресми түрде босатылғанына дейін жарияланды. Бұл техникалық қате болуы да мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, Ерболат Досаевтың алдағы отставкасы оның жаңа, беделді қызметке ауысуына байланысты болуы мүмкін. Бұған дейін сарапшылар Досаевты премьер-министр лауазымына лайық деп бағалаған, сондықтан оған Үкіметті басқару сеніп тапсырылуы ықтимал.
Тараған нұсқалардың біріне сәйкес, Ерболат Досаев премьер-министр лауазымында Олжас Бектеновтің орнын басуы мүмкін. Ал Бектенов күштік құрылымдарға қайта оралып, бас прокурор қызметіне тағайындалуы мүмкін. Өз кезегінде, қазіргі бас прокурор Берік Асылов Қауіпсіздік кеңесіне ауысады деген болжам бар. Мұндай сценарийдің қисынға келетіндігін Олжас Бектеновтің жақында Алматыға жасаған жұмыс сапары да дәлелдей түседі.
Ерболат Досаевтың иеленуі мүмкін басқа лауазымдарының қатарында Президент әкімшілігінің басшысы (немесе оның орынбасары), сондай-ақ вице-премьер қызметтері аталады. Оның мүлдем қызметсіз қалуы немесе мансабының төмендеуіне қатысты нұсқалар шындыққа жанаса қоймайды.