20,1 млрд теңгеден астам шығын келтірген: «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы топ-менеджері
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 мамыр, 2025
- 305

Қазатомөнеркәсіп коммерция жөніндегі бас директоры уранды төмендетілген бағамен сатқаны үшін сотталды. Асқар Батырбаев мемлекетке 20,1 млрд теңгеден астам шығын келтірді. Сот оны төрт жарым жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол мемлекетке үлкен зиян келтіру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталды.
“2021 жылы "Қазатомөнеркәсіп" коммерция жөніндегі бас директоры Б лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзіне және ұйымға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында 2 ай мерзім өткеннен кейін уранды сату бойынша 3 қысқа мерзімді шарт жасасып, төмендетілген бағамен шарт құрған. Салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 16,5 миллиард теңге аса ірі мөлшерде залал келтірген”, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында анықталған ақпаратқа зер салсақ, 2021-2022 жылдары Асқар Батырбаев уранды нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізуге 13 келісімшарт жасасқан.
Сотта Батырбаев келісімшарттардың «талаптарын басқарма мен директорлар кеңесі келісіп жасады» деп кінәсін мойнына алмады.
“Сот үкімімен Б Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы “Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану” бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Президентке "Ерен еңбегі үшін" медалі яғни мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізілді”, – делінген сот хабарламасында.
Сот «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасына 20,1 млрд теңгеге талап арызды қанағаттандырып, президентке «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс жолдады. Үкім әлі күшіне енген жоқ.