«Мені қудалаудың саяси астары бар»: апелляциялық сот Темірлан Еңсебектің үкімін өзгеріссіз қалдырды
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 мамыр, 2025
- 104

Сот шешімімен бес жылға бостандығы шектелген Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің апелляциялық соты өтті. Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
27 мамырда өткен сот отырысы онлайн өтті. Адвокат Жанар Балғабаева сотты офлайн режимде өткізуге өтінішхат түсірді.
«Онлайн режимде пандемия кезінде өтті. Қазір оған ешқандай негіз жоқ. Менің қорғауымдағы Темірлан Еңсебек сотқа офлайн қатысқысы келеді», – деді адвокат.
Прокурор істі онлайн өткізуге заңдық тұрғыда шектеу жоғын айтып, «істі офлайн өткізуге ешқандай негіз жоқ» деді. Сот алқасы адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты.
Прокурор Темірлан Еңсебекке кесілген сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұрады. Ол Еңсебектің кінәсі толықтай дәлелденді деді.
«Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының үкіміне қосымша ретінде Темірлан Еңсебек Маратұлына қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-тармағына сәйкес, бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраймын. Үкімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын», – деді прокурор.
Жанар Балғабаева бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтінін айтты.
«Жауап алу кезінде сарапшы Абдулжанова «Йоу, орыстар» әнінің мәтіні зерттелгенін айтты. Сотта біз менің қорғауымдағы адам бұл әннің авторы емес екенін, тіпті әнді орындаушы да емес екенін айттық. Бұл ән You Tube арналарда оншақты рет пайдаланылған. Бұдан өзге ол басқа да әлеуметтік желілерде кездеседі. Бұндай жағдайда қалай ғана менің қорғауымдағы азамат ғана жауапқа тартылды? Абдулжанова бізге әнде орыс ұлтына тіл тигізетін сөздер бер екенін айтты. Бірақ нақты қай сөз екенін айта алмады», – деді Балғабаева.
Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспейтінін айтты. Ол «мені қудалаудың саяси астары бар» деді.
«Маған журналистік, құқық қорғаушылық, саяси-қоғамдық жұмыспен айналысуға, сұхбат беруге және алуға, пикет, митингтерге қатысуға тыйым салынды. Менің азаматтық құқықтарыма шектеу қойылды. Бұның барлығы істің саяси астары бар екенін көрсетеді... Маған дейін де оппозиция өкілдеріне дәл осындай шектеу қойылды. Мысалы, Жанболат Мамайға он үш шектеу қойылған. Оған дейін Әлнұр Ильяшевқа, Макс Боқаевқа да осы сияқты шектеулер қойылған», – деді Еңсебек сотта сөйлеген сөзінде.
Темірлан Еңсебек өзін ұстаған сәттен бастап, сот үкімі шыққанға дейін заңбұзушылықтар болғанын айтты. Ол «билік қоғамнан оқшаулау үшін осындай қадамға барып отыр» деді.
«Олардың мақсаты Qaznews24 парақшасын жауап тастағысы келді. Ол жерде саяси сатира болды. Иә, мен арасында билікті сынадым», – деді ол.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Қорғау тарапының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Ал прокурордың өтінішхатын қуаттады. Сот алқасы Наурызбай аудандық сотының үкімі заңды. Іс жан-жақты қаралған. Адвокаттың шағымы негізсіз деді.