Гарвард түлегі Назарбаев мектебінен қуылған оқушы жайлы: Мектептен шығарылғаны дұрыс болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 мамыр, 2025
- 107

“Мазмұндама” баспасының негізін қалаушы, Гарвард түлегі, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан НЗМ-нен оқудан шығарылған оқушыға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, оқушының балағат сөз айтуына ата-анамен бірге мектептің де кінәсі бар.
«Оқушы болса да жауапкершіліктен жалтармауға тиіс. Дегенмен мектептің тәрбие саясаты мен мұғалімдердің жауапкершілігін айтпай кетпеуге болмайды. НЗМ балаларды 7 сыныптан алады. Оқушы мұнда 5 жыл оқыды. Оның айтқан балағаты ата-анасымен бірге, мектептің де іс-әрекетінің (мүмкін, іс-әрекетсіздігінің) нәтижесі. Бұл — оқушылардың жалғыз не кездейсоқ бейәдеп мінез-құлқы болмаса керек. Кез келген оқыс оқиғаға әдетте себеп-салдар тізбегінің бір ұшы. Мектеп жүйесі білімге ғана емес, тәрбиеге көбірек көңіл бөлгені жөн. Бұл жерде әл-Фараби атамыздың әйгілі сөзін қайталамай-ақ қояйын!», - деп жазды ол.
Шыңғыс Мұқан бұл сөзімен оқушыны жақтап тұрмағанын, бірақ мектептің де жауапкершілігін ұмытпауды атап өтті.
«Оқушыны жақтап жатыр деп ойлап қалмаңыздар. Бірінші сөйлемімнен-ақ оқушы болса да жауапкершіліктен жалтармау керек екенін жазғам. Мектептен шығарып жібергені әділетті жаза деп ойлаймын. Сонымен бірге осыған жеткізген ата-анасына қоса, мектептің де жауапкершілігін атап өтуге тиіспіз», - деп жазды Мұқан.