«Күйеуім күзетші болып жұмыс істейді»: 34 жастағы 12 баланың анасы өзін сынағандарға жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 мамыр, 2025
- 1.7k

12-сәбиін дүниеге әкелген 34 жастағы “батыр ана” өзіне айтылған сынға жауап берді. Айтуынша, көпбалалы ана ретінде ешуақытта мектепке, әкімдікке алақан жаймапты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Айым Сүйеуқұлова тұңғыштарын 17 жасында туған. Ол күйеуінің қарапайым күзетші болып жұмыс істейтінін және бала көп туғаны үшін ешкімнен көмек сұрамағанын айтады.
«Күйеуім күзетші болып жұмыс істейді, жалақысы - 47 мың теңге. Екі күн жұмыс, екі күн демалады. Сол демалысында құрылыста жұмыс істейді. Баланы өзіміз үшін туамын. Ешқашан не мектепке, не әкімдікке алақан жайған емеспіз», - дейді Айым.
Үйде 5 қыз, 7 ұл тәрбиелеп отырған ананы өзін көпшілік туа беретіні үшін сөгетін көрінеді. Егер болашақта тағы да құрсақ көтеріп жатса, туатынын айтады.
"Күйеуімнің қасымда аман жүргенінің өзі бақыт қой. Сыйлық сұрап наз айтып көрмеппін. Әлеуметтік желіде мені туа беретін әйел деп сөгеді. Балаларым Алланың бізге берген несібесі. Болашақта да Алла бала берсе тастамаймын, бермесе қақсамаймын", - дейді көпбалалы ана.