«Интимді жерлеріне қол тигізген»: Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тың деректер шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 мамыр, 2025
- 3.2k

Былтыр Алматыда тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап қаза болған Ақнәр Гүлістанның анасы мен оның адвокаты Инга Иманбай қайта баспасөз мәслихатын өткізіп оқиғаға дейін бір ер адам қызына жыныстық іс-әрекеттер жасап, қысым көрсеткенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Гүлістан Хамит Дидар Мұқияттың қорғау тарапы өздерін ақтау үшін бейнежазбаның өздеріне керек тұстарын ғана көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, Ақнәрға қатысты өткен жылдың сәуірінде түсірілген бейнежазбалар жайлы қызы тірі кезде білмеген. Дидар Мұқият бұған дейін де Ақнәрдің туыстарына неше түрлі хабарламалар жіберіп, «Ақнәр өлейін деп жатыр» деген сөздер айтқан екен.
Қорғаушы Инга Иманбай 2024 жылдың 12 сәуірінде Ақнәрға қатысты жаңа жайт анықталғанын хабарлады. Оның айтуынша, сол күні бір азамат қызды пәтерде заңсыз ұстап, оған психологиялық және жыныстық зорлық көрсеткен. Бұл жағдайды бейнежазбаға Дидар Мұқият түсірген. Иманбай бұл жазбаны тергеуге тапсырып, оның негізінде қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сараптама жүргізуді сұрайтынын айтты.
Атап айтқанда, «бостандықтан заңсыз айыру», «жыныстық сипаттағы зорлықсыз әрекеттер», «өзін-өзі өлтіруге итермелеу», «ар-намысты қорлау, кемсіту» және «бөтеннің затын заңсыз ұстау».
«Бейнежазбада Ақнәрдің пәтерден кеткісі келгені, бірақ оған мүмкіндік берілмегені көрініп тұр. Оны күшпен ұстап, келісімінсіз денесіне, оның ішінде интимді жерлеріне қол тигізген. Сонымен қатар, терезе ашылып, «секір» деген сөздер арқылы психологиялық қысым жасалған. Ауыр сөздермен ар-намысы тапталған, ал жеке заттарын, телефоны мен сөмкесін бермей қойған», – деді заңгер.
Сондай-ақ, Иманбай Ақнәр қайтыс болған түні сағат үштер шамасында қос қыздың да қорғаушысы болғанын олардың оқиға орнына келгенін айтты. Оның айтуынша, бұл да көптеген сұрақ туғызады.
Баспасөз мәслихатында марқұмның анасы мен заңгер қылмыстың алдын ала жоспарланып, әдейі жасалғанын дәлелдейтін жаңа деректерді жария етті. Олардың айтуынша, бейнежазбаларда көрінетін белгісіз ер адам екі қыздың сыбайласы болуы мүмкін. Бұл азаматтың есімі — Ұлбақ. Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, ол Мұқияттың інісі. Марқұмның анасы дәл осы жігіттің де қылмысқа қатысы бар деп күдіктенетінін мәлімдеді.
Бұған дейін күдікті қыздардың қорғаушылары Ақнәр Гүлістан ішімдік ішіп алған соң өзін қалай болса солай ұстағанын, ал олар оны «тыныштандыруға тырысқанын» айтып ақпарат таратқан еді. Алайда марқұмның анасы мен қорғаушы бұл мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.
Оған қоса, кешегі ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің: «қылмыстық іс тікелей өз бақылауында әрі тергеу әрекеті жалғасып жатыр» деген сөзіне қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, іс Бас прокуратураның бақылауына өткенін БАҚ-тан білген екен. Оған жеке ешкім хабарласпағанын айтты. Ал Алматыдағы тергеушілер заңгерге еңбек демалысына кеткенін айтып, «кейін кел» деп іспен толық қарап шығуына мүмкіндік бермей, уақытты созып жатыр екен.