«Америкадан бір-ақ шығарамын»: Гүлзира Үсенқызы немересіне арнап жазба жариялады
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 маусым, 2025
- 129

Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова немересі Алау туралы айтып, оған арнап жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол немересінің есімін өзі қойғанын және оны ерекше жақсы көретінін жеткізді.
“Бұл менің жекеменшік қызым – Алауым! “Ешкімге қойылмаған есімді қоямын, таңға дейін мені ешкім мазаламасын” деп бір бөлмеге жалғыз жаттым. Алғашқы қызығым Сезімді сезімтал болсыншы деп есімін қойып едім. Жаны нәзік болды. Енді “жұлқынып тұрған отты қыз болсын, көрген адамның көзін қарып кететіндей, жалындап тұрсын” деп Алау деген есімді ойдан құрадым. Енді бұл қызды ерекше жақсы көрем, әлі де арманым көп. Қызым, маған Алла өмір берсе, бриллианттарыма дейін сенікі,сен күшті билей бер! Титтей кезінен өзіне “Америкадан бір-ақ шығарамын” деп айтатын едім. Сезім өмірге келгенде атасы екеуіміз ессіз қуандық. Бірақ Жұлдыз келініме ұқсаған, аппақ, көзі бақырайған қыз күткенмін. Сөйтсем атасы мен әкесіне ұқсаған көзі корей екен. Ол қыз атасының қызы болып кетті”, – деп жазды продюсер.
Гүлзира Үсенқызы Алау немересін ұзақ күткенін және оның бойжеткенін аңғармай қалғанын айтты. Енді қызының биік сахналардан көріне беруін тіледі.
“Одан кейін Алау дүниеге келді. Перзентханаға барғанда бірден бетін ашып қарадым. Көзі бақырайған қара қыз екен. Тура менің ойымдағыдай дүниеге келді. Оны мен қызғанып бөлмелерінен алып кетіп жүрдім. Атасы “Оларға жолата берме, біз қыз қылып алайық” деді. Бірақ мен баланы әке-шешесінен ажыратпайық деп апарып бердім. Алауымның бой жетіп қалғанына түс көргендеймін. Бұйыртса, арманым орындалып, қызым биіктен көрінуін Алла қабыл етсін! Көп тілеуі – көл деген, сіздер де әумин деп кетсеңіздер нұр үстіне нұр!”, – деп жазды Гүлзира Үсенқызы.