“Сыныптасымен жақындасып қойған”: блогер 20 жылдыққа барғаны үшін күйеуі өлтірген әйелді қаралады
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 маусым, 2025
- 6.5k

Қырғызстандық блогер Ош облысында күйеуі қызғаныштан өлтірген әйелге қатысты жазба жариялады. Ол марқұмның ар-намысына тиетін сөздер жазған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы блогер Айбек Уланов өзінің Threads желісіндегі парақшасында бөліскен.
«Егер әйеліңіз мектеп бітірудің 20 жылдығында сыныптасымен жақындасып қойғанын білсеңіз, не істер едіңіз?» – деп жазды Уланов.
Бұл жазбасы көпшіліктің ашуын келтірді. Желі қолданушылары оны жауапқа тартуды талап етті.
Бішкек қалалық ІІБ Экстремизм мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес қызметінің өкілдері жедел іс-шаралар жүргізіп, 1994 жылы туған Айбек Улановты тергеу бөліміне жеткізді.
Кейіннен Айбек Улановтың қырғыз халқынан, әсіресе аналардан, әпке-қарындастардан, сондай-ақ марқұм әйелдің ата-анасы мен балалары, туған-туыстарынан кешірім сұраған видеосы тарады.
«Мен қазір Бішкек қалалық ІІБ-да отырмын. Бүгін жасаған ойланбай жариялаған жазбам үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Менің әлеуметтік желідегі жазбам адамның ар-намысына тиетін, марқұмның отбасына ауыр тиюі мүмкін мазмұндағы сөздер болды. Бұл жазбам олардың қасіретін күшейтіп жіберді, және мен толықтай кінәмді мойындаймын. Қырғыз Республикасының заңдары алдында толық жауап беруге дайынмын», – деді Уланов.