Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткен: Цифрлық даму министрлігі мәлімдеме жасады

16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткен: Цифрлық даму министрлігі мәлімдеме жасады
Сурет: www.rbc.ua
Цифрлық даму министрлігі 16 миллион қазақстандықтың тарап кеткен жеке дерегіне қатысты тексеру бастады

Қазақстандықтардың жеке деректері бар 16,3 миллион жазба ашық тарап кеткен. Бұл ақпаратты Кибершабуылды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

16 миллионнан аса жазба ашық тарап кеткен, бұл ел халқының басым бөлігін қамтиды. Тұрғындардың мынадай жеке мәліметтері тарап кеткен: тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, тұрғылықты жері, телефон нөмірлері (ұялы, үй, жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және тағы басқалары.

Сарапшының айтуынша, ақпараттар қалай тарап кеткені әзірге белгісіз. Бұрын тараған деректерді біріктіріп, кейін жабық Telegram арналарда сата бастауы мүмкін немесе бұл мүлдем жаңа жағдай болуы да мүмкін.

"Бұл - ауқымды оқиға. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ҰҚК жанындағы мемлекеттік қызмет не айтатынын күтеміз, олар да осы оқиғаны тергеуі керек", - деді Олжас Сәтиев.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің тарап кетуі туралы ақпарат зерттеліп жатқанын айтып, мәлімдеме жасады.

"Қазіргі уақытта барлық салалық ведомство мен қызметтер жұмылдырылды. Ұсынылған деректердің өзектілігіне де жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Алғашқы талдау көрсеткендей, мәліметтердің көпшілігі ескірген", – деп хабарлады Цифрландыру министрлігі.

Сондай-ақ, министрлік тексеру аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға немесе ақпараттың шынайылығын растауға ерте екенін ескертті.

"Бұған дейінгі жылдары болған ұқсас жағдайларда тараған деректердің ескі екені және олар түрлі қызмет көрсету салаларындағы және микроқаржы ұйымдарындағы дерекқорлардан алынғаны анықталғанын еске саламыз. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру аяқталғаннан кейін жарияланады", – деп толықтырды министрлік.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар