«Оны шешіндіріп, мәйітті қорлаған»: Шымкентте 19 жастағы жігіт сөйлесіп жүрген қызын аса жауыздықпен өлтірген
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 маусым, 2025
- 1

Шымкентте 17 жастағы студент Береке Ерланқызын қатыгездікпен өлтіріп, мәйітін қорлады деген күдікпен 19 жастағы жігітке қатысты сот процесі басталды. Қылмыстық оқиға 2024 жылдың 12 наурызында болған. Қайғылы жайттан кейін марқұмның туыстары әділ жаза сұрап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Прокурор Әскербек Пошимовтың сөзінше, қыз күдіктіні қара тізімге енгізіп, қарым-қатынасты үзгісі келген. Бұған шыдамаған жігіт оны өлтіруге шешім қабылдап, базардан арнайы пышақ сатып алып, көлік жалдап, университеттен алып кеткен.
«Жол бойы екеуі жанжалдасып, қала шетіне тоқтайды. Сол жерде жігіт пышақпен сол жақ көкірек тұсына бір, арқа тұсына екі рет соққы жасап, кейін мойын тұсынан бірнеше рет жарақат салады. Қыздың өлгеніне көзі жеткен соң, оны шешіндіріп, мәйітті қорлаған. Осының бәрін видеоға түсіріп алған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Кейін күдікті досымен бірге мәйітті қапқа салып, елді мекенге тастап кеткен. Бір күн ішінде марқұмның денесі табылып, күдіктілер ұсталған.
«Сіңілім өте өжет, ақкөңіл, тік мінезді болатын. Заңгер болуды армандайтын, бірінші курста оқып жүрген еді. "Қыз зорланды, өлтірілді" деген жаңалықтардан кейін, "мен қыздардың құқығын қорғаймын" дейтін. Амал не, өзі сондай тағдырға тап болды. Мұндай жауыздық жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы керек», – деп көзіне жас алды Берекенің әпкесі Аружан Ерланқызы.
Қанды қылмысты жасаған негізгі күдікті – 19 жастағы азамат Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен, ал оған мәйітті жасыруға көмектескен досы – "Қылмысты жасыру" бабымен айыпталып отыр.
Береке Ерланқызы көзі тірі болғанда 22 маусымда 18 жасқа толар еді. Ол бес баланың ортаншысы болған. Енді ата-анасы мен туыстары оның өмірін қиған қылмыскердің ең ауыр жазаға тартылуын талап етуде.