Ақтөбе облысында бапкер құдыққа құлаған қызды құтқармақ болып, өзі қайтыс болды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:08
- 97

Baq.kz дерегінше, аулалардың бірінде тереңдігі шамамен 10 метр болатын, іші қоқысқа толы құдыққа 9 жастағы қыз бала құлап кеткен. Мұны көрген 1987 жылы туған ер адам бірден көмекке ұмтылып, өздігінен құдыққа түскен. Алайда, кейін өзі де қайта шыға алмай қалған.
Оқиға орнына құтқарушылар дереу жетіп, қыз баланы да, ер адамды да ес-түссіз күйде сыртқа алып шықты. Оларға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, екеуі де көз жұмды. Қайғылы жағдай Көлтабан ауылдық округінің аумағында болған. Қайтыс болған ер адам белгілі бапкер екенін "Auyl sport" жобасының жетекшісі Ғалымбек Жақсылық желідегі парақшасында жазды.
"Бүгін қабырғамызды қайыстырған қаралы хабар келді. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарлы ауылының еркін күрес бапкері — Нұрбол Бердіғалиев 37 жасында өмірден озды. Нұрбол Бердіғалиев — Auyl Sport жобасының аясында облыстық және республикалық деңгейдегі талай чемпиондарды тәрбиелеген жан. Ол тек бапкер ғана емес, нағыз ұлағатты ұстаз, жастарға үлгі болған азамат еді", - деп жазған ол.