
Жетісу облысында екі полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болды. Олар жол апатына түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Талдықорған - Текелі автожолында болған жол апатына байланысты Nissan Maxima көлігіне қатысты қылмыстық іс тіркелді. Апат салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушысы - қызметтік міндетін атқарып жүрген ішкі істер органдарының екі қызметкері оқиға орнында көз жұмды", - деді Жетісу облысының Полиция департаменті.
Полиция департаменті қаза болған офицерлердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты.
Айта кетсек, бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов әлеуметтік желіде полиция майоры Арнұр Алханов пен полицияның аға лейтенанты Шыңғыс Әсілбековтің қаза болғанын хабарлап, көңіл айтқан еді.