"Оны әскерилер ұрды": 18 жастағы сау жігітті әскерге күштеп әкеткендер туыстарына ескертпей оны жындыханаға ауыстырған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:31
- 1

Әскерге кеткеніне бір ай толмаған сарбаз жындыханаға жатқызылды. 2007 жылы туған Арманжан Арықбай өзінің жалғызбасты анасымен, яғни ІІ топтағы мүгедек деп танылған, көзі нашар көретін Фарида Қажымұратовамен тұрады. Отбасын асырап жүрген жігітті 12 маусымда күштеп әскерге алып кеткен. Алайда қазір ол жындыханадан бір-ақ шыққан. Іздеп барған анасын мекемеге кіргізбеген. Бұған дейін бала анасына өзін басқа әскери адам ұрғанын айтқан. Қазір анасы оның тірі екеніне көз жеткізе алмай дал, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Жақындарының сөзінше Арманжан Арықбай әскерге барған күні есінен танып құлап қалған. Анасы Фарида Қажымұратованың айтуынша, әу баста баласын әскерге күштеп алып кеткен. Арманжан Арықбай Алматы облысы, Талғар өңірінің тумасы.
«12 маусымда баламды сауда үйінің алдынан күштеп алып кетті. Содан Қонаевқа апарып, екі күн әскери комисариатта ұстаған. 14 маусымда Тараздағы 5513 әскери бөліміне алып кеткен. Ал 15 маусымда пойыздан түсіп, бәрі сапқа тұрып кетіп бара жатқанда балам талып құлаған. Тараздағы әскери бөлім баламды үш күн жатқызып қояды. 21 маусымда Ұлттық Ұланның Алматыдағы әскери бөліміне ауыстырған», — дейді сарбаздың анасы Фарида Қажымұратова.
Арманжан Алматыдағы әскери бөлімге келгенде анасымен кездескен. Бірақ баланың жағдайы жақсы болмаған.
«Мен дәрігермен кездесіп едім, «қауіпті ешнәрсе жоқ, баланы тексереміз» деді. Алматыда баланы тексеріп, баланың басында ісік бар деп маған жауабын жіберді. 3 шілдеде баламды көрейін деп Алматыдағы лазаретке барып едім, бала тексерілу үшін басқа жаққа кетті деді. Мен үш сағат сонда күтіп, дәрігерден сұрап ем «сіздің балаңызды психдиспансерге жатқызып келдім» дейді. Сонда менің ешбір рұқсатымсыз жүйке-жүйесі ауыратындардың ауруханасына неге жақызып келген?!. Негізі баламды Қонаевтағы әскери комиссариатта екі күн болғанда Әлішер деген әскери ұрған. Оны осы Алматыға ауысып келгенде балам өзі айтты», — дейді анасы.
Фарида баласын іздеп ауруханаға барған. Алайда есігінен кіре алмаған. Қызметкерлер жұмыс уақыты аяқталды деп аурухана басшылығымен кездесуге мүмкіндік бермеген. Фарида Қажымұратова ІІ топтағы мүгедек, көзі нашар көреді.
Ұлттық ұлан әскери қызметшінің денсаулығы жайлы ресми ақпарат берді.
5513 әскери бөлімінің оқу пунктінде мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген әскери қызметші 17 маусым күні құрысу ұстамасы қысып, дереу медициналық мекемеге жеткізілді.
Өзінің айтуынша, әскерге шақырылғанға дейін ол басынан жарақат алған, содан кейін осындай жағдайлар анда-санда байқалып отырған.Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы Республикалық психикалық денсаулық орталығында тексеруден өтуде. Жағдайы қанағаттанарлық, тереңдетілген медициналық тексеру жүргізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілуде», деп жауап берді ведомство.
Дереккөздің мәліметінше, 3 шілдеден бастап сарбаз Алматы қаласындағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық мекемесіне стационарлық тексеруге жіберілді.
Ал нашар көретін Фарида Қажымұратова өзінің ұлының аман екеніне көз жеткізе алмай, қатты алаңдап отыр. Ол ұлын күштеп әкеткендеріне, өзінің рұқсатынсыз психиатриялық орталыққа жатқызғандарына және еш хабар бермегендеріне наразы. Ол ұлы Арманжанның бұған дейін сап-сау жүргенін, отбасының асыраушысы болғанын айтты.