
Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
24.kz арнасының мәліметінше, күдіктілер процеске БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы болып, отырыстарды фото және видеоға түсіруден де бас тартқан.
Елорда сотының баспасөз қызметі алдын ала тыңдаудың басталғанын растады. Бұл туралы алдын ала хабарланбаған.
"Бүгін алдын ала тыңдау өтті. Баспасөз қызметі ешкімді жеке де, ортақ чат арқылы да шақырған жоқ. Бүгін өтініштер қаралып жатыр. Сот отырыстың ашық немесе жабық болу мәселесі бойынша кеңесу бөлмесіне кетті. Аяқталғаннан кейін ақпарат береміз", – делінген хабарламада.
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктерібұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.