«Шымкент жастар театрының» директорына 136 млн теңге жымқырды деген айып тағылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:38
- 43

"Шымкент жастар театры" МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды.
Театрға мемлекеттік бюджеттен концерт ұйымдастыруға қажет жабдықтарды – колонкалар, сабвуферлер, сахналық фермалар, күшейткіштер мен микрофондар сатып алуға 320 миллион теңге бөлінген.
Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген.
"Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген", - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынған, күдіктілер қамауға алынған.