Елімізде алимент мөлшері төлеушінің қаржылық жағдайына қарай азаятын болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:32
- 72

Жоғарғы cот алимент өндіріп алуға қатысты нормативтік қаулысына өзгеріс енгізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Енді сот алимент мөлшерін азайту туралы талапты қарау кезінде алимент төлеушінің қаржылық жағдайының нашар екенін міндетті түрде ескеруі тиіс. Бұл шешімге бір азаматтың Жоғарғы сотқа жүгінуі себеп болған.
Сот заңнама нормаларының арасында қарама-қайшылық барын анықтады. Бұған дейін сот алиментті азайтуға тыйым салатын нормативтік қаулыға сүйеніп келген. Алайда “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексте алимент мөлшерін азайту мүмкіндігі бар. Нәтижесінде Жоғарғы сот қаулыдағы даулы тармақты алып тастады, ал үкіметке алимент өндіріп алу тетігін жетілдіруді ұсынды.
“Нормативтік қаулыда борышкердің материалдық және отбасылық жағдайының нашарлауы алимент мөлшерін азайтуға негіз бола алмайды деп көрсетілген. Алайда “Неке және отбасы туралы” кодексте материалдық жағдайының төмендеуі – алимент мөлшерін азайтуға негіз болады деп нақты көрсетілген”, – дейді Жоғарғы сот аппаратының талдау және конституциялық өндіріс бөлімі меңгерушісінің орынбасарыАмир Умаров.