«Ақшамды қайтарып алғым келеді»: алматылық әйел мемлекеттік грант алып беретінін айтып, 23 адамнан ақша алған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:29
- 366

Алматы тұрғыны мемлекеттік гранттарды тегін алып беремін деп, адамдарды алдаған. Келтірілген шығын көлемі 30 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Келтірілген шығын көлемі 30 миллион теңгеден асты. Полицияға 23 адам жүгінген.
Алаяқтықтың құрбаны болғандардың бірі Алматы облысының тұрғыны Бағдат Төлемісова. Альбина есімді әйел оған жеке кәсібін ашу үшін 20 миллион теңге көлемінде тегін мемлекеттік грант алып беретінін айтқан. Оның сөзіне сенген Бағдат қызмет ақысы ретінде екі миллион теңге берген. Арада үш ай өтсе де әйел грантты да, ақшасын да ала алмаған.
“Ол "10 күннен кейін бәрі орындалады, сізге тегін грант беріледі" деді. Оған сеніп 2 миллион теңге несие алдым. 1 миллион баламның атына, тағы 1 миллион өз атыма алдым. Бұл бар болғаны 10 минутта болған нәрсе. Қалай болғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Енді ақшамды қайтарып алғым келеді”, –деді Алматы облысының тұрғыны Бағдай Төлемісова.
Альбина есімді әйел 23 азаматтан ақша жинаған болып шықты. Жалпы шығын 30 миллион теңгеден асады. Алаяқтықтың құрбаны болғанын білген жұрт полицияға хабарласқан.
Грант түріндегі мемлекеттік көмекті алу тегін рәсім. Ол Enbek.kz ресми порталында оффлайн, онлайн режимде қолжетімді.
Қалалық полиция департаменті алаяқтықтың басқа да түрлерін айтты. Олардың мәліметінше, алаяқтар көбінесе жалғыз тұратын қарттардың атына несие алып, мүлкінен айырады.
“Биыл тіркелген екі жарым мыңнан астам істің 70 пайызы ғана ашылған. Мұндай қылмыстарды көбіне шетелдіктер қашықтан жасайды. Интернет алаяқтықтың жаңа түрі күн сайын пайда болып жатыр. Олардың ең танымалы телефон соққанда өздерін құқық қорғау органының қызметкерімін, банк қызметкерімін, пошта өкілімін деп таныстыруы. Түрлі сылтаулармен олар жәбірленушінің жеке деректерін алады: CVR кодтары, банк шоттары және т.б. Мұның бәрі сіздің жеке ақпаратыңыз және оны ешқашан үшінші тұлғаларға бермеңіз”, – делінген хабарламада.
Қаржы пирамидалары алаяқтықтың ең көп таралған түрлерінің бірі болып қала береді. Алты айда Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидалары бойынша 90-ға жуық іс ашты. 400-ден астам адам зардап шекті. Жалпы шығын 700 миллион теңгеден асады.
“Қаржы пирамидасының басты белгісі адамды жоғары табыс табатынына сендіру. Адамдар мұндай уәделерге жиі алданады. Екінші белгі, кәсіпорынның қаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясының жоқтығы. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз”, – деді Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Тек бірінші жартыжылдықта Қазақстанда екі жарым мыңнан астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Көбінесе қылмыскерлер басқа елдерден әрекет етеді.
Полиция азаматтардан қырағы болуды, жеке мәліметтерді бейтаныс адамдарға бермеуді және ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.