
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді.
"Бүгін таңнан суық хабар жетті.. Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз "Платиналы Тарлан" сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді.
Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады", - деп жазды Қасымхан Бегманов Facebook желісіндегі парақшасында.
Көрнекті ақынның қазасына байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да көңіл айтты.
"Қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлады. Халық жазушысы, Алаш жұртының ардақты азаматы, көрнекті ақын Исрайл Сапарбай ағамыз келместің кемесіне мініп, жарық жалғаннан өтті. Қаламгердің барша ағайын-туыстарына, отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
Исраил ағамыз – нәзік лирикасымен, сырлы да сазды жырларымен қазақ поэзиясында өз өрнегін қалдырған ерекше тұлға еді. Оның өлеңі елдің үніне, әні халықтың жүрегіне айналды. Сезімді тербеген сыршыл жырлары мен ойлы драмалары – руханиятқа қосылған баға жетпес қазына.
Сара сөздің, шынайы сезімнің шебері – көпшілікке қазақ поэзиясының кең тынысын танытқан ақын ағамыздың асыл рухы пейіште шалқысын.
Алла тағала рақымына алып, жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Қош болыңыз, Исраил аға!" - деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында.